«Келешек» — балалардың болашағы үшін!
Астанада жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Келешек» білім беру жинақтау жүйесін іске асыру мәселесі талқыланды.
2025 жылғы 16 мамырда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ақпараттық алаңында «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері мен жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйым басшыларының кездесуі өтті.
Кездесудің негізгі тақырыбы Біріңғай білім беру жинақтау жүйесі – «Келешек» бағдарламасы болды. Атап айтқанда, бұл санаттағы балалар үшін жүйенің ерекшеліктері мен артықшылықтары түсіндірілді.
Кездесу барысында «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ермек Мақаш аталған бағдарламаның негізгі тұстарын таныстырып, оның балаларға білім алу мен кәсіби даярлыққа қаражат жинауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қатысушылар бағдарламаны жүзеге асыру тетіктерін және оның мақсатты топтың өмір сүру және білім алу жағдайларын жақсартуға ықтимал әсерін талқылады.
Жетім балалармен жұмыс істейтін ұйым басшылары тәрбиеленушілерінің бұл бағдарламаға қатысуына қызығушылық білдіріп, мемлекет тарапынан олар үшін тұрақты қаржылық негіз қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде Қаржы орталығының өкілі ынтымақтастыққа дайын екенін және бағдарламаны табысты жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты ұсынуға әзір екенін жеткізді.
Кездесу нәтижесінде «Келешек» бағдарламасының мүмкіндіктері мен оны қажет ететін балалар үшін артықшылықтарын түсіндіру мақсатында республика өңірлерінде қосымша семинарлар мен ақпараттық сессиялар өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.
«Келешек» бағдарламасы немесе «Қаржы орталығы» АҚ қызметі туралы қосымша ақпарат алу үшін call-орталыққа 8 (800) 080 28 28 телефоны арқылы хабарласуға болады.