Жиі қойылатын сұрақтар
Жеке мектептер мен студенттік жатақханаларды салуға және реконструкциялауға мемлекеттік тапсырысты орналастыру туралы инвесторлардың сұрақтарына жауаптар.
Білім алушыларды (студенттерді, магистранттарды, докторанттарды) қамтамасыз ету қандай тетік бойынша іске асырылатын болады?
Тетік мемлекеттік тапсырысты орналастыру шеңберінде іске асырылатын болады және келесідей: ЖОО, колледж немесе инвестор:
-қажетті құжаттар топтамасын қоса бере отырып, операторға («Қаржы орталығы» АҚ) өтінім береді;
-уәкілетті органмен және оператормен мемлекеттік тапсырысты орналастыру туралы шарт жасасады;
-жатақханаларда білім алушылардың тұруы үшін жаңа орындарды енгізу бойынша қажетті іс-шараларды жүзеге асырады;
-жатақхана пайдалануға берілгеннен кейін 6 жыл ішінде (қайта жаңарту кезінде 8 жыл) тіркелген төлем алады.
ЖОО, колледж немесе инвестор қандай қаражат есебінен білім алушылардың тұруы үшін жаңа орындар құратын болады?
Жаңа орындарды іске қосуды қаржыландыру ЖОО/колледждердің меншікті қаражатынан, қарыз қаражатынан, инвесторды тарту көзделеді.
Бұл ретте ЖОО/колледж немесе инвестор жатақхана базасында коммерциялық алаңдар құруға құқылы, олардың есебінен қосымша пайда табатын болады.
Сондай-ақ қосымша табыс ретінде білім алушылар тарапынан тұру ақысын алады.
Студенттік жатақханаларды салуға қандай талаптар қойылады?
Студенттік жатақхана нысандарына қойылатын талаптар жоқ, ең бастысы, құрылыс және санитарлық нормалар сақталуы керек.
Жатақханада тұру құны осы мемлекеттік тапсырыстың мөлшеріне кіре ме?
Тұру құны төлем мөлшеріне кірмейді, тұру ақысын білім алушылардың өздері төлейді, өйткені жатақхананы тиісті түрде ұстау айтарлықтай шығындармен байланысты.
Бұл жобаға қызығушылық танытқан университеттер, колледждер, инвесторлар бар ма?
Министрлік пен «Қаржы орталығы» АҚ-да механизмнің тұжырымдамасын түсіндіруге, сондай-ақ барлық мүдделі тұлғалардан ұсыныстар алуға бағытталған бірқатар кеңестер, кездесулер, оның ішінде қаржы мекемелерімен, оқу орындарының басшыларымен, ірі құрылыс салушылармен кездесулер өткізілді. Бұл жоба барлық әлеуетті қатысушылардың жоғары қызығушылығын тудырады деген қорытынды жасауға болады.
Жатақханаларды енгізудің осы тетігін қолдану оқу құнының өсуіне алып келе ме?
Бұл механизм оқу ақысына әсер етпейді. Жатақханаларда жаңа төсек-орындарды енгізу мемлекеттік тапсырысты орналастыру шеңберіндегі төлемдермен өтеледі және білім беру қызметтерін көрсету құнына ешқандай әсер етпейді. Бұл жобаны іске асыру білім беру ортасын жақсартады және керісінше қазақстандық білім беру ұйымдарында жастардың оқу орнын таңдауына оң әсер етеді деп санаймыз
20 жылдан кейін ғимарат кімнің меншігінде қалады?
Орта білім беру ұйымының объектісі бүкіл уақыт бойы кәсіпкердің жеке меншігінде болады және нысаналы мақсатын өзгертуге ауыртпалық мерзімі өткеннен кейін мемлекет меншігіне өтпейді.
Егер мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды алса, ата-ананың оқу ақысын алуға бола ма?
«Жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын, оқуға ата-ана төлемақысының шекті мөлшерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 22 қаңтардағы № 29 бұйрығына сәйкес ата-ананың төлем мөлшері қазақстандық оқыту бағдарламасы бар мектептердегі бір оқушы үшін жылына 1200 АЕК-тен және халықаралық оқыту бағдарламасы бар мектептер үшін жылына 2400 АЕК-тен аспауға тиіс.
Білім беру қызметіне лицензия алу үшін қайда жүгінуге болады?
Білім беру қызметімен айналысуға лицензия беруді білім беру саласындағы уәкілетті орган – білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер жүзеге асырады. Өтініш электрондық лицензиялау порталы арқылы беріледі - elicense.kz.
Жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға қашан өтініш беруге болады?
Орта білімге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін жекеменшік білім беру ұйымдарының өтініштерін қабылдаудың басталуы туралы ақпаратты оператор жыл сайын ресми интернет-ресурста орналастырады:
1) алдағы оқу жылына – күнтізбелік жылдың 1 маусымына дейін;
2) орта білімге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мақсатында операторға алғаш рет өтініш беретін жеке білім беру ұйымдары үшін күнтізбелік жыл ішінде – оператор дербес белгілеген мерзімде.