Британ университетінің Астанадағы тұңғыш кампусы – Coventry University Kazakhstan оқу орны "Келешек" жүйесінің қатысушыларына арнап ерекше шарттар ұсынбақ
Осы мақсатта, Coventry University Kazakhstan мен «Қаржы орталығы» АҚ тиісті келісімге қол қойып, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесіне тіркелген жастардың университетте 20%-ға дейінгі жеңілдікпен білім алуына жағдай жасауда.
2025 жылдың 18 ақпанында Coventry University Kazakhstan оқу орны мен мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің операторы – «Қаржы орталығы» АҚ арасында екі жақты ынтымақтастық меморандумы жасалды. Құжатқа Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов пен «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимов қол қойды. Меморандум аясында Астанадағы тұңғыш британдық университет кампусында білім алатындар үшін 20%-ға дейін жеңілдік түрі қарастырылған.
«Келешек» жүйесіне сәйкес, бала 5 жасқа толған кезде, мемлекет бастапқы білім беру капиталы ретінде 60 АЕК (235 920 теңге), ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға 120 АЕК (471 840 теңге) көлемінде қаражат аударады. Сондай-ақ, жыл сайын 5-7% мөлшерінде мемлекеттік сыйақы, банк-қатысушының сыйақысы немесе өмірді сақтандыру компаниясының (ӨСК) инвестициялық табысы төленеді. Аталған қаражатты жоғары білім алу мақсатында жұмсауға болады, яғни, бұл балаларға ерте жастан бастап болашақтағы оқуына қажетті қаражатты жинақтауға мүмкіндік береді.
«Coventry University Kazakhstan сияқты әлемнің үздік университеттерінің «Келешек» жүйесіне қолдау көрсетуі қазақстандық жастар үшін ерекше мүмкіндіктер ұсынатыны белгілі. Бұл тек әлемдік деңгейдегі сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ, студенттеріміздің халықаралық алаңда бәсекеге қабілетті болуына да ықпал етеді. «Келешек» жүйесі жас ұрпақтың әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік берсе, ал шетелдің жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық, Қазақстан мен әлемдік білім беру қауымдастығы арасындағы байланыстарды нығайтып, еліміздегі жастардың жан-жақты өсіп-дамуына жол ашады», — дейді «Қаржы орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Асқар Ибраимов.
«Coventry University Kazakhstan алғашқылардың бірі болып «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін құру бастамасына қолдау көрсетті. Университет талантты жастарды демеуге бағытталған әлеуметтік жоба ретінде, әлемдік білім беру стандарттары мен оқу процесіне жаңашыл тәсілдерді біріктіріп, студенттерге сапалы әрі тиімді британдық білімге қол жеткізу мүмкіндігін ұсынуда», – деп атап өтті Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов.
Анықтама үшін: Coventry University Kazakhstan – Астанадағы тұңғыш британдық университет кампусы. Ол Coventry University Group құрамына кіреді және студенттерге британдық дипломмен расталатын сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Coventry University Kazakhstan сұранысқа ие бизнес және компьютерлік ғылымдар саласындағы бакалавриат бағдарламалары мен MBA бағдарламасын ұсынады. Жақын арада университеттің оқу бағдарламасы өнер және дизайн, құрылыс саласындағы басқару, халықаралық қатынастар, қаржы секілді болашағы зор мамандықтармен толықтырылады.
«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі. Ол - мемлекеттен бөлінетін білім гранттарымен қатар жүзеге асырылатын мемлекеттік қолдаудың қосымша механизмі. Қазақстандағы жасөспірімдерге 18 жасқа толғанша тұрақты түрде қаражат жинақтауға, сондай-ақ, ел ішінде және шетелде оқу ақысын төлеп, жоғары, техникалық және кәсіби білім алуға мүмкіндік береді.
«Келешек» жүйесіне қатысу үшін ата-аналар банкте депозит ашуы немесе Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МБЖЖ) қатысушылары ретінде қызмет көрсететін өмірді сақтандыру компанияларымен (ӨСК) келісімшарт жасауы қажет. Бала 5 жасқа толғанда, мемлекет бастапқы білім беру капиталы ретінде 60 АЕК (2025 жылы 235 920 теңге), ал жетім қалған балаларға 120 АЕК (471 840 теңге) көлемінде қаражат аударады. Сондай-ақ, жыл сайын 5-7% мөлшерінде мемлекеттік сыйақы, банк-қатысушының сыйақысы немесе өмірді сақтандыру компаниясының инвестициялық табысы төленеді.
«Келешек» жүйесінің шарты бойынша, ата-аналар жыл сайын ең кемінде 12 немесе 24 АЕК мөлшерінде міндетті жарна төлеуі қажет. Жетім балалардан жыл сайынғы жарналар талап етілмейді.
Шоттарды Қазақстанның депозиттерді кепілдендіру қоры сақтандырса, ал сақтандыру төлемдерінің сомасы – Сақтандыру төлемдерін кепілдендіру қорының жауапкершілігіне беріледі. Мұнымен қоса, салымдарға өндіріп алу, тыйым салу секілді шектеулер қойылмайды.
Мемлекеттік гранттан түскен қаражатты жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу үшін пайдалануға болады. Сонымен қатар, жинақталған қаражатты тұрғын үй шарттарын жақсартуға немесе қажет кезде үшінші тұлғаларға беруге рұқсат етіледі. Салымшы білім алатыны туралы құжаттарды ұсынған жағдайда, жинақталған қаражатпен бірге, банктің капиталдандырылған сыйақысын, мемлекеттік сыйлықақылар мен бастапқы білім беру капиталын толық көлемде ала алады.