Жиі қойылатын сұрақтар
Орта білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне не кіреді?
Орта білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне еңбекақы төлеу қоры, оқу шығыстары, ғимараттарды ағымдағы күтіп-ұстау шығыстары және амортизациялық шығыстар кіреді. Сонымен қатар, жекеменшік орта білім беру ұйымдары үшін интернет пен коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстар, сондай-ақ білім алушы нақты орналасқан әрбір жаңадан енгізілген оқушы орнына ғимараттардың амортизациясына арналған шығыстар қосымша енгізіледі.
Орта білім беру ұйымдары үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің мөлшері неге байланысты өзгереді?
Орта білім беру ұйымдары үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің мөлшері мынадай факторларға байланысты айқындалады:
білім беру деңгейі (1–4, 5–9, 10–11 сыныптар);
ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды инклюзивті оқытудан, түзету сыныптарында және үйде оқытудан;
орналасқан жері (қалалық немесе ауылдық жер);
тұратын аумағы (экологиялық апат немесе радиациялық қауіп аймағы, не аталған аймақтардан тыс).
Жергілікті атқарушы органдар мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін өз бетінше бекіте ала ма?
«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, орта білім беруді, сондай-ақ кредиттік оқыту технологиясын ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы № 596 бұйрығымен бекітілген Қағидалардың 8-тармағына сәйкес мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру көлемі Әдістемеге сәйкес айқындалады. Жергілікті атқарушы органдар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру кезінде бір тәрбиеленушіге арналған шығыстардың орташа құнын өз бетінше белгілейді.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің құрылымына не кіреді?
Жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің құрылымына мынадай шығыстар кіреді: еңбекақы төлеу қоры, оқу шығыстары, ғимараттарды ағымдағы күтіп-ұстау шығыстары.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі жыл сайын жаңартылып отыра ма?
Иә. Жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы № 597 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, орта білім беруді, сондай-ақ кредиттік оқыту технологиясын ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес есептеледі және айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) мөлшеріне тікелей байланысты болғандықтан, оның мөлшері жыл сайын жаңартылып отырады.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі дегеніміз не?
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 10 шілдедегі № 311 бұйрығымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесіне сәйкес жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі - тиісті білім беру деңгейінің білім беру бағдарламасын іске асыру үшін қажетті шығындар негізінде есептелетін бір білім алушыны бір жыл ішінде даярлаудың нормативтік құны.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне қандай шығыстар енгізіледі?
Жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің құрамына білім беру процесін қамтамасыз етуге тікелей байланысты мынадай шығыстар кіреді:
қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу шығыстары;
білім беру процесін қамтамасыз етуге арналған шығыстар;
білім беру ортасын ұстау және дамыту шығыстары;
Әдістемеде көзделген өзге де шығыстар.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің мөлшері неге байланысты өзгереді?
Жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің мөлшері Әдістемеге сәйкес айқындалады және мынадай факторларға байланысты:
білім беру деңгейі (бакалавриат, магистратура, докторантура);
білім беру бағдарламаларының тобы;
Әдістемеде көзделген білім беру бағдарламаларын іске асыру ерекшеліктері.