АБАЙ ЖӘНЕ ШҚО ОБЛЫСТАРЫНДА ЖОО ТҮЛЕКТЕРІМЕН КЕЗДЕСУЛЕР: МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТТАРДЫ МІНДЕТТІ ЖҰМЫСПЕН ӨТЕУ БОЙЫНША МАҢЫЗДЫ ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР
Ағымдағы жылдың 8-11 қазан аралығында мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алушыларды бөлу, жұмысқа орналастыру және азаматтардың мiндеттi еңбек етуi мәселелерін түсіндіру бойынша іс-шаралар өткізу мақсатында «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері Абай және ШҚО ЖОО студенттерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Кездесулер «Alikhan Bokeikhan University», «Семей медицина университеті» КЕАҚ, «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КЕАҚ, «Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті» КЕАҚ, «С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті» КЕАҚ, сондай-ақ «Қазақстан-Америка еркін университеті» ЖШС-де өтті. Ақпараттық-түсіндіру кездесулеріне 1800-ге жуық адам қатысты, олар бакалавриат, магистратура, резидентура және докторантураның бітіру курстарының студенттері.
Мониторинг департаментінің жетекші маманы Ақзира Серікқали студенттерге грантты міндетті жұмыспен өтеу қажеттігі туралы айтып, педагогикалық және медициналық мамандықтардың түлектері, сондай-ақ ауылдық квота бойынша оқитын студенттер үш жыл жұмыс істеуге тиіс екендігіне назар аударды. Ал «Серпін» бағдарламасы міндетті екі жылдық жұмыспен өтеуді көздейді. Осы бағдарлама шеңберінде жұмысқа орналасуға арналған облыстарға Ақмола, Қарағанды, Абай, Ұлытау, Қостанай, Павлодар, СҚО және ШҚО кіреді. Жұмыс істеу мерзімі еңбек шарты жасалған күннен бастап есептеледі.
Сондай-ақ, студенттерге «eGov» порталы арқылы жұмыс туралы ақпарат берілді, ол арқылы түлектерге хабарламалар жіберіліп, түлектердің жұмысқа орналасу орындары есепке алынды.
Сонымен қатар, грантты өтеуден босату мүмкін болатын шарттардың тізімі бар. Олардың ішінде жүктілік және үш жасқа дейінгі балалардың болуы, I немесе II топтағы мүгедектік, грант негізінде магистратураға, резидентураға немесе докторантураға түсу.
Бітіруші курстардың білім алушылары «Қаржы орталығы» АҚ өкілінен мемлекеттік гранттарды міндетті жұмыспен өтеу бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Студенттер көтерген негізгі мәселелер ауылдық квота бойынша басқа ұйымдарда жұмысқа орналасу, 1414-тен сұраныс белгісін жіберу, ақылы оқудан грантқа ауысу кезінде пропорционалды жұмыс мерзімі, магистратураға түсу және шетелдік жоғары оқу орындарына түсу жағдайында босатуға байланысты болды.
Айта кетейік, бұл кездесулер Қазақстанның басқа аймақтарында да жалғасын табады. Олар студенттерге өздерінің гранттық міндеттемелерін жақсырақ түсінуге және болашақ жұмысқа қатысты маңызды сұрақтарға жауап алуға көмектеседі.