Сараланған грант иегеріне мемлекеттік білім беру кредитін беруге қатысты ЖЖОКББҰ-ға арналған жаднама
Сараланған грант иегеріне мемлекеттік білім беру кредитін беруге қатысты
Мемлекеттік білім беру кредитін тағайындау және орналастыру Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2024 жылғы 3 сәуірдегі № 141 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Кредит беру рәсімі толықтай «Қаржы орталығы» АҚ-ның тұғырнамасы арқылы электронды форматта жүзеге асырылатын болады.
«Қаржы орталығы» АҚ-ның сайтында мемлекеттік білім беру кредитін беру үшін үміткерлерден өтініштер қабылдау туралы хабарландыру орналастырғаннан кейін сараланған гранттың иегерлері «Қаржы орталығы» АҚ-ның сайты арқылы өтінішпен жүгіне алады.
Мемлекеттік білім беру кредиті сараланған грант иелеріне ғана беріледі .
Кредит пайызсыз, теңгеде, 10 жыл мерзімге беріледі және өтеу кредит берілген айдан кейінгі айдан басталады.
Ерекшелік: Кредит 15 жылға және барлық оқу кезеңіне + оқу бітіргеннен кейін 6 айға өтеуді кейінге қалдыру жеңілдігімен мына үміткерлерге беріледі:
1) жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
2) төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалар бар, олар он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітірген уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) көп балалы отбасылардан шыққан балалар;
3) мүгедектігі бар балалар;
4) аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар.
Кредит мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін үміткерлерге тағайындалады:
1) сараланған грант иегерлеріне;
2) кемінде бір кепілгері болуы тиіс (тұрақты табыс көзі бар Қазақстан Республикасының кемінде бір еңбекке қабілетті азаматы). Бұл өлшемшарт жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жатқызылған қарыз алушыларға қолданлмайды;
3) сараланған гранттың және мемлекеттік білім беру кредитінің қаражаты ЖЖОКББҰ-ға «Aqyl» салымы арқылы бағытталатындықтан, «Қазақстан Халық банкі» АҚ-да немесе «Отбасы банк» АҚ-да білім беру жинағы («Aqyl» депозиті) болуы тиіс («Қазақстан Халық банкі» АҚ мен «Отбасы банк» АҚ пилоттық жобаның қатысушылары болып айқындалған).
Мемлекеттік білім беру кредитін алуға қатысу үшін үміткер өтініштерді қабылдаудың басталғаны туралы ақпарат орналастырылғаннан кейін отыз жұмыс күнінен кешіктірмей «Қаржы орталығы» АҚ-ның электронды тұғырнамасында жеке кабинет ашады және ЭЦҚ-мен қол қойылған электронды форматтағы құжаттарды қоса тіркей отырып, электрондық өтініш береді, одан әрі кредиттік шарт және онымен байланысты шарттар жасасады.
Білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт бойынша
Білім беру қызметтерін көрсету туралы шартта сараланған грант болған жағдайда оқудың құны бірден 2 өлшемшартқа сәйкес болуы шарт:
1) толық гранттың (мемлекеттік тапсырыс) құнынан жоғары болмауы тиіс;
2) ақылы оқу құнынан жоғары болмауы тиіс (ақылы оқу құны мемлекеттік тапсырыс құнынан төмен ЖЖОКБҰ үшін).
Бұл ретте, ақылы оқу құны сараланған грант құнынан төмен болған жағдайды қоспағанда, ең төменгі баға таңдалады.
Анықтама (кейстер):
- егер ақылы оқу құны сараланған гранттың құнынан төмен болса, онда оқыту құны ақылы оқу құнына тең болады. Мысалы: ақылы оқу құны 450 000 тг., сараланған грант 452 900 тг. болса, онда оқу құны 450 000 теңгеге тең болады.
- егер ақылы оқудың құны толық гранттың (мемлекеттік тапсырыстың) құнынан жоғары болса, онда оқу құны толық гранттың (мемлекеттік тапсырыстың) құнына тең болады. Мысалы: ақылы оқу құны 1 200 000 тг., ал толық грант (мемлекеттік тапсырыс) 1 008 100 теңгеге тең болса, оқу құны 1 008 100 теңгеге тең болады.
- егер ақылы оқудың құны толық гранттың (мемлекеттік тапсырыстың) құнынан төмен болса, онда оқу құны ақылы оқудың құнына тең болады. Мысалы: ақылы оқу құны 800 000 тг., ал толық грант (мемлекеттік тапсырыс) 1 008 100 теңгеге тең болса, оқу құны 800 000 теңгеге тең болады.
Үш жылдық оқуда (триместрлерде) оқу құны және 1 жылға сараланған гранттың сомасы былайша есептеледі (кейс):
Мысалы, «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» мамандығы бойынша жылына оқу құны (ерекше мәртебесі жоқ ЖЖОКББҰ-дағы мемлекеттік тапсырыстың құнын негізге алғандағы) мынадай түрде анықалады: (803 900 тг (мемлекеттік тапсырыс) × 4 жыл) : 3 оқу жылы = 1 071 867 тг.
4 жылға сараланған гранттың жалпы сомасы: 452 900 × 4 = 1 811 600 тг., демек, 1 жылдық оқуға сараланған грант (үш жылдық оқу болғанда) 1 811 600 : 3 = 603 867 тг.
Осылайша «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» мамандығы бойынша үш жыл оқытатын ЖЖОКБҰ үшін сараланған гранттың құны 603 867 тг. тең.
Білім беру қызметерін көрсету туралы шартта оқу құнының белгіленген бөлігі сараланған гранттың есебінен, ал қалған бөлігі жеке қаражат немесе мемлекеттік білім беру кредит есебінен жабылатынын көрсету қажет.
Жоғарыда көрсетілген талаптардың барлығы білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт ЖЖОКББҰ мен сараланған грант иегері арасында жасалған жағдайда міндетті болып табылады және мемлекеттік білім беру кредитін тағайындауға өтінішті қарау кезінде ескерілетін болады.
Талап ету құқығын беру (цессия) шартына қатысты
Мемлекеттік білім беру кредитін тағайындау және орналастыру жөніндегі пилоттық жобаның шеңберінде «Қаржы орталығы» АҚ мен ЖЖОКББҰ арасында талап ету құқығын беруге (цессия) шарт жасалады, оған сәйкес ЖЖОКББҰ «Қаржы орталығы» АҚ-ға ЖЖОКББҰ мен «Қаржы орталығы» АҚ оператор ретінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2024 жылғы 3 сәуірдегі № 141 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру кредитін беру және орналастыру қағидаларына сәйкес мемлекеттік білім беру кредитін тағайындаған студенттер арасында жасалған білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттары бойынша жоғары білімге ақы төлеу есебіне ақша төлеуді талап ету құқығын береді.
Талап ету құқығын басқаға беру шарты (цессия) электрондық форматта жасалады және «Қаржы орталығы» АҚ-ның электрондық тұғырнамасында оған ЭЦҚ көмегімен қол қойылады.
Цессия шартының жобасына сәйкес барлық тиісті білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттар және басқа құжаттар «Қаржы орталығы» АҚ -ға электрондық форматта берілетін болады. Бұл ретте құжаттардың түпнұсқалары «Қаржы орталығы» АҚ-ға тапсырылғанға дейін цессия шартының талаптарына сәйкес олардың сақталуына жауапты ЖЖОКББҰ-да жауапты сақтауда болады және «Қаржы орталығы» АҚ-ның бірінші талабы бойынша ұсынылуы тиіс.
Сонымен қатар ЖЖОКББҰ-ның сараланған гранттардың иелерімен өзара әрекеттестігін ескере отырып, цессия шартының шеңберінде ЖЖОКББҰ мемлекеттік білім беру кредитіне үміткер кәмелет жасқа толмаған студенттердің заңды өкілдері ұсынған заңды өкілдердің мемлекеттік білім беру кредиттеріне үміткерлердің кредиттік шарттарға және (немесе) мемлекеттік білім беру шартының шеңберінде оларға байланысты шарттарға қол қоюына нотариалды куәландырылған келісімдерін мемлекеттік білім беру кредитін алуға ниетті студенттің жеке ісінде сақтауды қамтамасыз етуі қажет.