АЛМАТЫДАҒЫ ЖОО МЕН БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІ СТУДЕНТТЕРДІҢ ӨМІР СҮРУ ЖАҒДАЙЛАРЫН ЖАҚСАРТУ ҮШІН БІРІГЕДІ
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары проректорларымен, инвестициялық қауымдастық өкілдерімен және жекеменшік студенттік үйлердің иелерімен кеңес өткізді. Кездесуге Алматы қаласы бойынша «Қаржы орталығы» АҚ өкілдігінің директоры Утебаев Ұлан, жобалық кеңсенің басшысы Кутумов Дамир қатысты.
Кездесу барысында студенттерге арналған тұрғын үй орындарын ұсыну бойынша келісімшарттар жасасу мүмкіндігі талқыланды. Кеңестің мақсаты – университеттер мен жекеменшік студенттік үйлердің иелері арасында өзара тиімді ынтымақтастық шарттарын құру болды.
Бұл студенттердің жағдайларын жақсартуға және оларды оқу кезеңінде ыңғайлы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ орналасу сапасы, баға саясаты және тараптардың ұзақ мерзімді ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
«Студенттерді орналастыру үшін орындардың айқын тапшылығы көрінуде. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған жатақханаларға студенттерді орналастыру бұл тапшылықты жоюға көмектеседі. Мемлекет қазірдің өзінде субсидиялар беріп жатыр, бірақ жекеменшік студенттік үйлермен жүйелі жұмыс істеу қажет. Біз бір ұрпақты, Қазақстан Республикасының азаматтарын тәрбиелеп жатқанымызды түсіну маңызды», - деді Ақерке Абылайхан.
Кеңес барысында кейбір оқу орындары студенттерді орналастыру үшін қосымша орындар тапты. Бұл келісімшарттар студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз етілу деңгейін арттыруға және білім беру мекемелері мен бизнес-қоғамдастық арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.