ЕҰУ СТУДЕНТТЕРІ ҮШІН ЖАҢА ЗАМАНАУИ ЖАТАҚХАНА АШЫЛДЫ
Бүгін, Халықаралық жастар күніне орай Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттеріне арналған жаңа жатақхананың салтанатты ашылуы өтті.
Ашылу салтанатына ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов, «Қаржы орталығы» АҚ өкілі Әлішер Дощанов, сондай-ақ «Қазақстан студенттер Альянсының» төрағасы Ұлан Наукен қатысты.
Жаңа студенттер үйі 382 орынға арналған. М. Жұмабаев 10А мекенжайындағы жаңа ғимаратқа ЕҰУ білім алушылары осы оқу жылында қоныстана алады. Жатақхана 6 қабаттан және 158 бөлмеден тұрады. Мұнда үш факультеттің студенттері тұратын болады: журналистика және саясаттану факультеті, заң және экономика факультеттері.
Заманауи жайлы жатақхана дизайнерлердің көмегімен жасалған, бірінші қабаттарда лэд экраны бар коворкинг-аймақтар, студенттерге ыңғайлы болу үшін оқу залдары орналасқан. Әр қабатта санитарлық бөлмелер, заманауи құрылғылармен жабдықталған асүйлер бар. Тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі.
Студенттер үйін инвестор-құрылыс салушы «Bastau Damu kz» компаниялар тобы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі негізінде тұрғызды. Жоба операторы «Қаржы орталығы» АҚ болып табылады.
Мемлекеттік тапсырыс шарттарына сәйкес объектілерді салу немесе реконструкциялау құрылыс салушының өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Құрылыс кезінде объектіні пайдалануға бергеннен кейін 6 жыл бойы ай сайынғы негізде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға кепілдік беріледі. Төлемдер әр нақты тұратын студент үшін жасалады. Ағымдағы жылы құрылыс бойынша төлем мөлшері бір төсек-орынға жылына 195 АЕК құрайды.
Айта кетейік, ағымдағы жылы елімізде мемлекеттік тапсырыс аясында жалпы саны 10 576 орынға арналған 27 жаңа жатақхана пайдалануға беріледі. Республикалық маңызы бар өңірлер мен қалаларда құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді жүргізілуде, көптеген объектілерді ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін ашу жоспарлануда.