АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІМЕН БІРЛЕСКЕН КЕҢЕС: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫ
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан Алматы қаласында жоғары оқу орындарының өкілдерімен жаңа оқу жылына дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Кеңес барысында басты назарда болатын мәселе – «Ахуалдық» орталықтарының жұмысын ұйымдастыру және студенттерді жатақханаларға орналастыру болды. Ақерке Абылайхан студенттік жатақханаларда уақтылы төсек орындарын дайындау, дезинфекция жүргізу және жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтау қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Алматы қаласының барлық университеттеріне ата-аналар мен студенттердің сұраныстарына жедел жауап беру, CALL-орталықтардың жұмысын ұйымдастыру, қолжетімді телефон арналарын пайдалану, барлық қоңырауларға жылдам жауап беру жөнінде нұсқаулар берілді.
Сонымен қатар кеңесте барлық жоғары оқу орындарына жаңа студенттердің қабылдануын ескере отырып, орын қажеттілігін және тапшылығын анықтау, мемлекеттік жеке меншік серіктестік жобалары аясында салынған жеке студенттік жатақханалармен жұмысты күшейту тапсырылды.
Жеке студенттік жатақханалармен жұмыс механизмін Жастар саясаты басқармасының жетекшісі Кажденбек Азиз түсіндірді.
Сонымен бірге омбудсмендердің белсенді жұмысын жалғастыру қажеттігі де атап өтілді. Әр студент өзінің оқу орнының «Ахуалдық» орталығына жүгініп, жатақханада тұру және оқу процесі бойынша кеңес алу керек. «Ахуалдық» орталықтарының байланыс ақпараттары әр университеттің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
Студенттерді орналастыру процесі кезең-кезеңімен жүйелендірілуі, сондай-ақ процедуралар барынша ашық және жеңілдетілген болуы тиіс.
Кеңесте студенттердің тұрмыстық жағдайларын жақсарту, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де қаралды. Кеңес барысында әлеуметтік мәселелер бойынша проректорлар жатақханалардың қазіргі жағдайы, олардың сыйымдылығы және студенттердің тұрмыс шарттары туралы есептер ұсынды. Инфрақұрылымды жақсарту, жатақханаларды жаңарту, студенттердің қауіпсіздігін және жайлылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.