ҚР ҒЖБМ АЛҚА ОТЫРЫСЫ: САПАЛЫ БІЛІМ – САПАЛЫ АДАМИ КАПИТАЛ
Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлескен алқасының кеңейтілген отырысы өтті. Басты тақырып қазіргі заманғы жоғары білімнің сапасы мен қолжетімділігі болды.
Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары, Министрліктің ҒЗИ және ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары, мектеп мекемелерінің директорлары қатысты.
Саясат Нұрбек өз баяндамасында 2023 жылғы жетістіктерге егжей-тегжейлі тоқталып, ведомствода қозғалатын негізгі міндеттер мен бағыттарды ұсынды. Министр өз баяндамасында бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы өткен жылы 20% – ға, магистратура мен докторантура – 15% – ға өскенін, сондай-ақ биыл да ұлғаю жоспарланғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан ғылымы мен ғалымдарын дәріптеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ғылыми қоғамдастықты ынталандыру үшін ғалымдардың орташа жалақысы 2 есеге артты. Іргелі зерттеулермен айналысатын ҒЗИ-ді тікелей қаржыландыру енгізілді.
Айта кету керек, 2023 жылы мақсатты нәтижелерге қол жеткізілді, ал 2024 жылға бірқатар міндеттер қойылды, оны ведомство ЖОО және ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп шешуге кірісті.