ЕҰУ студенттері үшін заманауи жатақхана ашылады
Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне арналған 300 орындық заманауи жатақхананың құрылысы жүргізілуде.
Жаңа студенттер үйі Мағжан Жұмабаев көшесінде орналасқан. Жатақхана 2 блоктан және 5 қабаттан тұрады. Бүгінгі күні құрылыс-монтаждау жұмыстары 98% орындалып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жатақхана дизайнерлердің көмегімен жобаланған. Ғимарат заманауи әрі жайлы болады. Бірінші қабаттарда студенттерге ыңғайлы болу үшін коворкинг аймақтар орналасады деп күтілуде.
Жатақхана ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі. Нысанның құрылысы «Бастау Даму KZ» ЖШС-нің жеке қаражаты есебінен жүргізілуде.
Айта кету керек, 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Астанада студенттік жатақхана құрылысының жобалық кеңсесі құрылған болатын. Осы бағытта инвесторлар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Қаржы орталығы» АҚ, Астана қаласы әкімдігі және жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.